Солтүстік Қазақстан облысындағы он ауданның 150 елді мекені үш тәуліктен бері жарықсыз отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Дерекке сүйенсек, өңірде әлі күнге дейін 18 қараша күні болған боранның салдарымен күресіп жатыр. 

"Сол күні СҚО бойынша республикалық жолдарда 9 учаске жабылды. Сондай-ақ аудандық бөлімшелер, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы өз күшімен облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жапты. Шал ақын ауданында Газель көлігі жолдан шығып кетті. Сол күні 60-тан астам адамды үш аудандағы 4 жылыту пунктіне орналастырдық", - дейді департаменттің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов.

Боранды күні малын іздеуге шыққан үш адам жолдан адасып кеткен. Олардың бәрі аман-есен табылды.

"18 қараша күні 11 ауданда электр желісі істен шықты. Салдарынан 217 елді мекеннің 33 мыңнан астам абоненті жарықсыз қалды. Бүгінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 21 мың адам тұратын 150 елді мекенде жарық жоқ", - дейді Сәкен Ағзамов.