Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасайды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Төрағасы Асхат Жұмағали соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелгенін айтты. Тіпті жең ұшынан жалғасқан жағдай еліміздің барлық өңірінде орын алып отыр.
Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.
Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым.
"Заңсыз сыйақы" өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.
Агенттік төрағасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес.