Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2 министрлік құрылатынын айтты. Ведомствалар елдегі су мен жол сапасына жауапты болмақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қазақстан халқына жолдауында Президент су ресурстары және интеграция министрлігін құру керегіне тоқталды. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады.
"Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың "көлеңкелі" нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент көлік министрлігі қайта құрылатынын да айтты. Ведомства жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.
"Қазақстан темір жолын" толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады", - деді Мемлекет басшысы.