Түрмеге қамалған тек бір сотталушыны ұстау үшін қанша теңге жұмсалатыны белгілі болды. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Комитет төрағасының орынбасары сөзіне сүйенсек, бүгінде сотталған бір адамды түрмеде бір тәулік ұстауға бюджеттен 7 500 теңге бөлінеді. Ал сотталғандардың жалпы саны – 30 мың адам.
Бұл көрсеткішті есептесек сотталғандарға күн сайын бюджеттен 225 миллион теңге жұмсалады екен.
Түрмеде отырған 30 мың адамның ішінде екі мыңнан астамы – әйелдер. Ал республика бойынша тергеу изоляторларында 7 мың адам отыр.
Жәнібек Баймағанбетов, сонымен қатар дәл қазіргі уақытта елдегі түрмелер лық толып қалғанын да ашық айтты. Бұл мәселені шешу үшін алда бірнеше өңірде түрме тұрғызылмақ.