Талғарда 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс тергелуде. Бүгін аудандық әкімдіктің бірқатар лауазымды қызметкері жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Талғардағы жағдай қоғам назарынан таса бола қойған жоқ. Бүгін Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық және Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар, Талғар ауданының әкімі мен орынбасарына сөгіс берілді.

Ал ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың ісі бойынша 10 адам күдікке ілінгенін хабарлады. 

Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты отбасының көзінше өлтіріп кеткен болатын.  Марқұмның туыстары әділ сот сұрап, бірнеше рет ереуілге шықты.

Көп ұзамай марқұм жасөспірімнің үйі өртенді. Бұл оқиға халықтың ашу-ызасын тудырды.