"Kazakh Everest Team" қазақстандық команда құрамындағы қазақ қызы тұңғыш рет Эверест шыңына шықты. Жалпы команданың шыңға көтерілуі бес тәулікке созылған, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Непалдың Гималайда көтерілуге маманданған және қазақстандық экспедицияның ресми жолсерігі "Seven Summit Treks" компаниясының мәліметіне сүйенсек, қазақ қызы шыңға сәтті көтерілген.
"Құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар "Kazakh Everest Team" қазақстандық команда әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді", - делінген хабарламада.
8 000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар: тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл – оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы.
Жалпы "Kazakh Everest Team" командасының шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды. Эверест шыңына Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстанның мемлекеттік туын орнатты.