Еліміз ана өлімі бойынша көрсеткішті айтарлықтай тез төмендеткен 10 елдің қатарына енді. Бүгінде елде гендерлік теңдік саласында ілгерілеу байқалады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы Орнықты даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Спутниктің жазуынша, экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Әсел Сәрсенбаева азаматтық қоғам әлеуметтік саясаттың негізін нығайтқанын алға тартқан.

"Үкімет Орнықты даму мақсаты бойынша және жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде еңбек нарығының талабына сәйкес бизнесті қолдау мен кадр даярлау шарасын жүйелі түрде қабылдауда", — деп атап өтті Әсел Сәрсенбаева.

Оның айтуынша Қазақстан ана өлімін тез төмендеткен (ДДҰ бағалауы бойынша) он елдің қатарына кіреді. Гендерлік теңдік саласында мемлекет деңгейінде де, жеке секторда да ілгерілеу байқалады. Онда ірі компаниялар гендерлік стратегиялар мен харассментке қарсы іс-қимыл саясатын енгізеді. Құқықтық мәдениеттің өсуі сот жүйесіне қойылатын жаңа талаптарға әкелуде. Қоғам оны одан әрі жақсартуды күтеді.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Орнықты даму мақсаттарының қағидаттарын енгізу бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, үздік халықаралық стандарттарды қабылдауға бағытталғанын, бұл тұтастай алғанда елдің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.