Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы әлемде геральдикалық көрінісі мен мағынасы жағынан 8-орында. Бұл туралы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Жандарбек Мәлібеков мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы 1992 жылдан бері бірнеше рет жетілдіріліп, өзгертілгенін айтады.
Ең әуелі халқымды, елімді Рәміздер күнімен құттықтағым келеді. Біздің рәміздеріміздің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болды. Біз алғаш 1992 жылы конкурстық жұмысты тапсырдық. Бірақ ол кезде Елтаңбаның нақты стандарты жасалынбаған еді. 2007 жылы біз стандарттық үлгісін жасадық. Ол кезде Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы кириллица әріптерімен жазылған болатын. 2014 жылға дейін біз Елтаңбаны жетілдіріп, стандарттық үлгісін жасап, оны кітап қылып шығарып, заң жүзінде бекіттік. 2014 жылдан бастап латын әрпін енгізу туралы заң шыққаннан кейін Президент Елтаңбадағы жазуды да «Qazaqstan» деп латын әріптерімен жазу туралы тапсырма берді. Сол бойынша 2019 жылы қазір қолданыста жүрген, латын әрпіндегі жетілдірілген, алтындалған ҚР Мемлекеттік Елтаңбасын жасап шықтық. Адамдар Елтаңбаны жасап, тапсырғаннан кейін сол бойынша қалды деп ойлайды. Жоқ, ол 30 жыл бойы жетілдіріліп, жаңарып, сапасы жақсарып келе жатыр, – дейді архитектор.
Сәулетші ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы әлемдегі ең үздік мемлекеттік рәміздердің бірі екенін жеткізді. Жандарбек Мәлібеков Елтаңбадағы әр элементтің символикалық мәні барын айтады. Олардың мағынасын түсіну үшін тарихқа терең бойлау керек. Автор Елтаңбада қазақ даласының 5 мың жылдық өткенін, бүгіні мен болашағын бейнелеген.
Дүниежүзінде геральдика деген ұғым бар. Бұл – өз алдына бір бағыт. Қазір осы геральдика бойынша арнайы комитет те ашылды. Археологиялық жұмыстар, ою-өрнектер, ордендер мен медальдарымыздың бәрі осы геральдика арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – алғашқы геральдикалық тәсілмен жасалған, ерекше көрнекі және символдық мәні жоғары мемлекеттік рәміз. Ол мағынасы мен геральдикалық көрінісі жағынан 194 елдің ішінде 8-орын алады, – дейді Жандарбек Мәлібеков.