Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жарияладыБұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.

2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді.

"Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету", – деп атап өтті алғашқы отырыста Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.

Жұмыс барысында Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартты.

Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.

Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда.

Толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1152063?lang=kk