Еліміздегі 22 әуежай шетелдік инвесторларға сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Министр сөзіне сүйенсек, қазір инвесторларды тарту жұмыстары жүруде.
«Біз 22 әуежайдың баршасына кезең-кезеңімен шетелдік инвесторларды тартып отырмыз. Мысалы, Алматыдағы әуежайды Түркия мен Францияның инвесторлары басқаруға алды. Астана әуежайын Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы сенімгерлік басқаруға алғаны өздеріңізге мәлім. Тараз бен Шымкенттегі екі әуежай отандық инвестор, яғни, Scat әуе компаниясы иесінің сенімгерлік басқаруына берілді. Ақтаудағы әуежай түркиялық инвесторға берілді. Дәл осындай әр әуежай бойынша түрлі инвесторды тартып жатырмыз. Атыраудағы әуежайға Катарлық үлкен әуежай кіріп отыр. Олар 2026 жылға дейін мүлде жаңа аэровокзал салуды жоспарлап отыр», - деді ол.
Ведомство басшысы Қазақстанның әуежай нарығына келетін шетелдік компаниялардың санкцияға ілігу ықтималдығы міндетті түрде ескерілетінін айтты.