Елімізде қазақ тілін оқыту орталықтарында 29 мың қазақ өз ана тілін үйрену үшін барады екен. Мұндай мәліметті ҚазАқпарат жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі тіл оқыту орталықтарында өзінің ана тілін оқып жүргендердің нақты саны туралы ақпаратты ресми сауалға жолдаған. Онда елімізде жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған 114 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейтіні, олардың 95-і - негізгі орталықтар болса, 19-ы – филиалдары екені жазылған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша тіл үйрету курсынан өткендер саны – 63 857 адам. Оның ішінде мемлекеттік тілді оқу курсынан өткендер – 45 841, орыс тілі курсынан өткендер – 4 700, ағылшын тілі – 13 316 адам.
Жергілікті атқарушы органдарда қазақ тілі курсынан өткендер саны – 45 114 адам, оның ішінде 16 517 этнос өкілдері деп жазылған жауапта.
Министрліктің мәліметіне қарағанда тілдерді оқыту орталықтарының бәрі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Оқу курсына 18 жастан асқан мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері, ұлттық компания өкілдері, үй шаруасындағы адамдар, зейнеткерлер, шетелдік азаматтар, этнос өкілдері тағы да басқа кез-келген өтінім берген азаматтар қатыса алады. Ал мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар оқыту курстарын өз есебінен қаржыландырады.