Елімізде күн райы күрт суытады. Тіпті кей өңірлерде 40 градус аяз болады деп болжануда. Бұл туралы Казгидромет мамандары жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Елімізге арктикалық суықтың түсуі жалғасуда, алдағы үш күнде республика бойынша температураның одан әрі төмендеуі күтіліп отыр.Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 23-24 қаңтарда Солтүстік-батыс циклонының әсерінен елдің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қар жауады. Ал қалған аумақта жауын-шашынсыз ауа-райы болады. Республика бойынша боран, көктайғақ, тұман, екпінді жел күтіледі.

Еліміздің солтүстік жартысындағы ауа температурасы түнде 20-30 градус аяз, жекелеген аудандарда қатты аяз - 35 градус болады деп болжанып отыр. Күндіз 13-20 градус аяз, елдің орталығы мен шығысында 20-35, жекелеген өңірлерде 40 градус қатты аяз, оңтүстікте түнде 15-25 градус, жекелеген аудандарда 28 градус қатты аяз, күндіз 5-15 градус аяз болуы ықтимал.