Қазақстанның басым бөлігінде алдағы үш күнде аптап ыстық сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілсе, батыс, солтүстік-батыс және шығыс аймақтарда найзағай ойнап, нөсер жаңбыр және бұршақ жауып, екпіні күшті жел соғады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Қазгидромет синоптиктерінің болжамынша, 9 шілдеде мұндай ауа райы шығыс өңірлерге ауысады. Бұл аймақтарда да нөсер жаңбыр мен найзағай болжанады, алайда кейін жауын-шашын тоқтап, күн ашылады.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Ал республиканың қалған аумағында жауын-шашынсыз, құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.

Күндіз ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде қатты және өте қатты ыстықтың шегіне жетеді.

"Батыс пен оңтүстік-шығыста сынап бағаны +42 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде +40 градусқа дейін ысиды. Оңтүстік облыстарда аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы +45 градусқа дейін жетеді. Шығыс өңірлерде де +38 градусқа дейін ыстық болады", — делінген хабарламада.