Елімізде есім сойы не тегі өзіне ұнамайтын немесе қиын айтылып, жазылатын азаматтар өз аты-жөнін өзгерте ала ма? Жалпы қазақстандықтар қандай жағдайда мұндай қадамға бара алады? "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" осы сауалдарға кеңінен жауап берген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Zakon.kz-ке сілтеме жасап. 

Кез-келген азамат өз аты-жөнін өзгерткісі келсе міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Әрі бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету үшін мәліметтерді өзгертуге нақты, дәлелді себептер болуы қажет. 

Аты-жөнін өзгертуге рұқсат етілетін бірнеше себеп бар. Олар былай тізбектелген:

  • аты, әкесінің аты, тегінің оғаш естілуі;
  • атын, әкесінің атын, тегін айтуда қиындықтар туындауы;
  • егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегі қалса немесе некені мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайының тілегі;
  • бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
  • егер некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
  • өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-анасының әр түрлі ұлты кезінде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
  • жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
  • құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
  • жұбайы қайтыс болған жағдайда және егер өтініш беруші некеге дейінгі тегінде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
  • ұлттық дәстүр бойынша әкесінің немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
  • егер некеге отырған кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
  • өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
  • жынысы хирургиялық жолмен өзгерген кезде таңдалған жынысқа сәйкес келетін есімді, әкесінің атын, тегін алғысы келуі.

"Қандай да бір өзгерістер болған жағдайда жаңа құжаттарды дайындауға өтініш беру қажет", – деп толықтырды Мемлекеттік корпорация.