Елдегі ақылы жолдарда жүргені үшін төленетін төлем мерзімі өзгереді. Яғни, бұрын 7 күн ішінде төленуі тиіс жол ақысы енді 30 күнге дейін ұзармақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты. Сөзіне сүйенсек, бүгінде республика бойынша 26 ақылы жол бар. 

"Жол пайдаланушылардың өтініші бойынша жолда жүру ақысын төлеу мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту нормасы енгізілмек, тиісті түзетулер уәкілетті органдарда келісіліп жатыр", - деді Иманашев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетері, қазір республика бойынша 26 ақылы жол бар. Былтыр барлық учаскеден 87 миллиард теңге жиналды. Биыл тағы 6 жол ақылы болады.
Олар:
 
Қарағанды - Балқаш - Бурылбайтал – 554,6 км;
 
Бурылбайтал - Құрты – 226,4 км;
 
Ақтөбе - Қандыағаш - Мақат – 89 км;
 
Талдықорған - Өскемен – 773 км;
 
Атырау - Астрахань – 277 км;
 
Мерке - Шу - Бурылбайтал – 78 км.