Елімізде жазасын өтеушілердің мерзімін енді шартты түрге ауыстыру арқылы қысқартуға мүмкіндік берілмек. Бүгін сенатта дәл осы жаңа бап қолдау тапты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Сенат Қылмыстық кодекске бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқартуға қатысты жаңа бап енгізуді қолдады. Яғни, жазасын өтеп жатқан адам соңғы бір жыл ішінде тәртіптік жаза алмаған болса, жазаның қалған мерзімі бір айға шартты түрде қысқартылуы мүмкін. 

Сенатор Марат Қожаев айтуынша, Қылмыстық кодекске жаңа 73-1 бап енгізіліп отыр. Ол бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқарту тәртібін қарастырады.
"Осы бапқа сәйкес, жазасын өтеп жатқан адам соңғы бір жыл ішінде тәртіптік жаза алмаған болса, сот шешімімен жазаның қалған мерзімі бір айға шартты түрде қысқартылуы мүмкін", – деді Қожаев Сенаттың бүгінгі отырысында.
Айта кетері, сенат бүгін тиісті заңды бірден екі оқылымда мақұлдап, президенттің қол қоюына жібереді.