Елімізде жаңа оқу жылы 25 мамырда аяқталатын болды. Бұл шешімді тамыз конференциясында Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Елордада білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Оған Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да қатысқан. Шара барысында вице-министр биылғы жаңа оқу жылының 25 мамырда аяқталатынын мәлімдеді.
"Жаңашылдық енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет. Министрліктің шешімі дұрыс, бірақ асығыс қабылданған деп санаймын. Осыған байланысты биылғы оқу жылын 25 мамырда аяқтау арқылы 34 апталық оқу жылына қайтару дұрыс болады", - деді Тамар Дүйсенова.
Осылайша мектеп оқушылары 31 мамырда емес, жаңа оқу жылын 25-і күні аяқтайды.
Өз кезегінде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті.
Айта кетейік, биыл республикалық тамыз кеңесі жаңа форматта жүргізілді. 20 аймақтың барлығы тақырыптық бағыттарға бөлінді. Бірінші күні 12 мыңнан астам педагог-тәжірибешілер, сарапшылар, білім беру және психология саласындағы мамандар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті білім берудің, балалардың құқықтарын қорғаудың және білім беру сапасын қамтамасыз етудің ең өзекті мәселелерін талқылады.