Елімізде қыркүйектің 15-нен бастап карантиндік шектеулер енгізіледі деген ақпарат тарап жүр. Тіпті маска кию режимі де қайта келеді деген сыбыс бар. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл желеуге нүкте қойды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Комитет дерегіне сүйенсек, әлеуметтік желілерде 15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіліп, барлығына маска кию режимі енгізілетіні туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.
“ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушының эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуді көздейтін қаулысына сәйкес, ағымдағы жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Маска кию режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі”, — делінген ақпаратта.
Онда коронавирус инфекциясының жағдайы бақылауда екені жазылған. Сондай-ақ, ведомствада шындыққа жанаспайтын ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілгені жазылған. Комитет азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырады.