Елімізде күн сайын балаға қарсы 6 қылмыс жасалады. Үш бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл туралы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Елордада сарапшылар мен уәкілетті орган қызметкерлері Бала құқықтары жөніндегі заң жобасын талқылады. Динара Зәкиеваның айтуынша, күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жалпы тергеу кезінде бір адамның бір немесе бірнеше деректі көргені, естігені анықталып жатады.

Біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Барлық елде халықтың барлығы білетін бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 16 қазан күні 111 бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл байланыс орталығы барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, полиция департаменттерімен жұмыс істеп жатыр. Күн сайын 500-ден астам өтініш келеді, - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Динара Зәкиева жаңа заң жобасында бірыңғай сенім телефонына қатысты өзгерістер болатынын атап өтті.

Заң жобасы негізінде өңірлерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің мәртебесі бекітіледі. Себебі, сарапшылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде болады.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы қазіргі таңда Парламентке жолданған. Заң жобасы мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және үкіметтік емес ұйымдармен қосымша талқыланып жатыр.