Елімізде көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылған. Бірақ ақша бала санына қарай есептеліп беріледі, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Жалпы елімізде көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 4 баладан бастап есептеледі. 2024 жылғы мөлшер бойынша қаражат шамасы мынадай: 

— 4 баласы бар отбасыларға — 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;

— 5 балаға — 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;

— 6 балаға — 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;

— 7 балаға — 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;

— 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға — әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқан болатын. 

“Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. 2024 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 583,4 мың отбасы жалпы сомасы 274,8 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде шілде айында 577,1 мың отбасыға жалпы сомасы 38,6 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді”, — деп жазды Еңбек және әлеуметтік қамту министрлігі.