Елімізде лауазымды қызметтер атқаратын әйелдер саны уақыт санап артып келеді. Қазірдің өзінде олардың үлесі 39 пайызға жеткен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі жазып отыр. Ондағы мәліметке сүйенсек, қазіргі кезде Парламентте 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-ы екен. Ал мәслихаттарда әйелдердің үлесі – 22,7%-ға (3 415 депутаттың 774-і) жетті.
Мемлекеттің 21 министрлігінде, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінде 3 әйел министр, 8 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. Ел бойынша судья әйелдердің жалпы саны – 1 248 адам (53%).
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға (84 482 мемлекеттік қызметшінің 47 158-і – әйелдер) жетті. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1% (23 947 басшының 9 363-і).
Сонымен қатар, Үкімет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөлуде. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48%-ға жетіп отыр.