Елімізде орташа жалақы деңгейі 605 мың теңгеге дейін өспек. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрлігі алға тартты. Әрине, бұл алдағы үш жылға жасалған болжам көрінеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 
 
Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.
 
Қазақстанда орташа жалақы 2028 жылға қарай 605 000 теңгеге (1 100 доллар) дейін өседі. Қазіргі уақытта ол 423 000 теңгені (784 АҚШ доллары) құрап отыр, 2026 жылға қарай 501 000 және 2027 жылға қарай 554 000 теңге (1 000 АҚШ доллары) болады.
 
"Нақты жалақының өсімі 2026 жылы 2025 жылмен салыстырғанда 7,6%-ды құрайды деп болжануда. 2026 жылы ол 3,9%-ды құрайды. Ал ең төменгі жалақы 2028 жылға дейін 85 мың теңге (157,50 доллар) деңгейінде сақталады", деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
 
Министрлік 2028 жылы халық саны 20,4 миллионнан 20,9 миллионға дейін артады деп болжады.