Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, 30 жыл ішінде Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылға өскен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, Қазақстан тарихында тұңғыш рет өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәліметке сүйенсек, бұл тәуелсіздік алған жылдарда болған абсолютті рекорд.
"1991-2025 жылдар аралығында демографиялық деректерді талдау ұлттың өмір сүру сапасы мен денсаулығындағы түбегейлі өзгерістерді көрсетті. 1991 жылы өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 67,6 жас болған (2001 жылы – 65,6, 2011 жылы – 68,98, 2021 жылы – 70,23). Осылайша, 35 жылда Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам өсті", - деп жазылған хабарламада.
Денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыруға ниетті.
