Қазақстанда 2025-2026 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы – 11-сынып түлектері, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Оқу-ағарту министрлігі дерегіне сүйенсек, оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні барлық мектепте "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.
"Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам, ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер болып отыр. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жүр. Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады", - деп ескертті министрлік.
Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
