Елімізде су тасқыны салдарының қазір қайтатын түрі жоқ. Жағдай мәз емес, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты. Ол елдегі 7 облыс бойынша су алған үйлердің санын жариялады. Сөзінше сүйенсек, су тасқыны басталғаннан бері азаматтық қорғаныс қызметтері 76 мыңға жуық адамды, оның ішінде 30 мыңға жуық баланы және 45 мүмкіндігі шектеулі азаматты қауіпсіз орынға жеткізген.
“Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 412 жеке тұрғын үй, 421 аула және 1926 саяжай үйі су астында қалып отыр. Уақытша паналау бекеттерінде 7 703 адам, оның ішінде 3 266 бала орналастырылды. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әуе кемелері құтқару жұмысын әлі жүргізіп жатыр. 7 млн 828 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 1090-нан астам құмқап пен 996,1 мыңнан астам тонна инертті материал төселді”, — дейді комитет өкілі.
Ерасыл Сайпаштың айтуынша, тасқыннан құтқару жұмыстарына 16 мыңға жуық адам, 3 мыңға жуық техника, 6 әуе кемесі жұмылдырылған.