Елімізде тағы бір айыппұл түрі енгізілмек. Әзірге оның мөлшері белгісіз, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Спутниктің жазуынша, жаңа айыппұл SIM-картаны үшінші тұлғаға бергені үшін тағайындалады. Әзірге министр әкімшілік жауапкершілік бойынша қолданылатын айыппұлдың нақты көлемін айта алмайтынын жеткізген.

Қазіргі кезде министрлік осы мәселе бойынша ұсыныстарды жинап жатыр.

"Әзірше айыппұлдың нақты көлемін айта алмаймыз. Меніңше, биыл тиісті ұсынысты енгіземіз. Бұның барлығы әлі қаралып жатыр, нақты шешім жоқ. Біз ұсыныстарды жинап жатырмыз. Қылмыстық жауапкершілік болмайды. Бәлкім, әкімшілік айыппұл болатын шығар", - дейді министр.

Осы орайда министр "үшінші тұлға" ұғымына түсініктеме берді. Ол - SIM-карта иесімен байланысы жоқ адам.