Елімізде қар барысы көбейіп келеді. 90 жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда жыртқыш саны 2 есеге өскен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтты. Сөзінше, тәуелсіздік жылдары республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту және құру жұмыстары нәтижесінде олардың алаңы 869 мың гектардан 30,9 млн гектарға дейін ұлғайған. Нәтижесінде сирек кездесетін жабайы жануарлар популяциясы айтарлықтай өсіп отыр.

Сондай-ақ, қар барысының санын қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шара қабылданды. Олардың негізгі тіршілік ету учаскелерінде - 3,6 млн гектар аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды. Қазіргі кезде қар барысы мекендейтін жерлердің 70 пайызға жуығы ерекше қорғалатын аумақтармен қорғалған.

"Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды. Қар барыстарын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде, олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден екі есеге артып, 180 басқа дейін жетті", - дейді Данияр Тұрғамбаев.