Елімізде үйленіп, отбасылы өмірге аяқ басқаннан кейін бала сүю жайы күрделі мәселеге айналып барады. Соңғы мәліметке сүйенсек, бүгінде әр алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болып отырған көрінеді. Ал жыныстық инфекция жұқтырған жастардың 60%-ы медициналық көмекке жүгінбейді екен, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова айтты. Сөзінше, бұл көбіне жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың асқынуымен тікелей байланысты. 

"Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуі бойынша жыныстық жолмен берілген инфекция белгілері бар жастардың 60%-дан астамы медициналық көмекке жүгінбейді. Бүгінде Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы бедеулік мәселесіне тап болып отыр. Бұл жағдай ерлерге де, әйелдерге де бірдей қатысты. ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) мамандарының пікірінше, мұндай көрсеткіш ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер болып саналады", — дейді ол. 

Сондай-ақ маман бұл мәселемен күрес үшін мемлекет жыл сайын мыңдаған квота бөліп келе жатқанын атап өтті. Тіпті 2021 жылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасы да жүзеге асып келеді. Соның аясында ЭКО (экстракорпоральді ұрықтандыру) бағдарламаларына жыл сайын мыңдаған квота бөлінеді. Бұл репродуктивті денсаулық саласында ашық әрі ғылыми негізделген диалогты қажет ететін терең проблемалардың бар екенін көрсетеді дейді Жұлдызай Ысқақова.