Қазақстанда өмір сүру сапасы әлі де көңіл көншітер емес. 83 ел рейтингісінде 72-ші орынға табан тіреп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда сатып алу қабілеті төмен, тұрғын үй қымбат, экология нашар. Ranking.kz сараптамалық сайтының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өткен жылы 74-ші, ал 2022-ші жылы 76-шы орында болған. Осы жылдың ортасында Қазақстанда өмір сапасының жалпы индексі 102 болған, ең жоғары көрсеткіш – 219.

Тек бір ғана жағымды жаңалық бар. Яғни біздің елде өмір сүру құны салыстырмалы түрде төмен, қауіпсіздік пен денсаулық сақтау орташа деңгейде.

Рейтинг лидерлері негізінен Еуропа мемлекеттері. 2024 жылдың маусымында Люксембург (219,3), Нидерланды (207,5), Дания (205,6), Оман (204,3) және Швейцарияда (204) өмір сапасының ең жоғары индекстері тіркелген.

Онда өмір сүру Қазақстанға қарағанда қымбатырақ. Алайда бұл елдерде сатып алу қабілеті жоғары, олардың азаматтары қазақстандықтарға қарағанда көбірек тауарлар мен қызметтерді сатып ала алады. Сондай-ақ бұл мемлекеттерде ауа мен судың таза болуына, тұрғын үй мен медицинаның қол жетімділігіне байланысты өмір сапасы жоғары бағаланады.