Елімізде несие бойынша жаңа талаптар күшіне енді. Бұрынғыдай несие алуды 6 ай мерзімге ғана тоқтату мүмкіндігі енді шексіз уақытқа алмасты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қазақстан азаматтары eGov.kz порталында банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан шексіз уақытқа өз еркімен бас тарта алады. Бұрындары сервис 6 ай мерзімге ғана бас тартуға мүмкіндік беретін. Бұдан былай кредиттер мен шағын қарыздарды ресімдеуге мерзімсіз уақытқа тыйым салуға болады.
"Өтінімді азаматтың өзі ғана бере алады. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Ол үшін eGov.kz порталында қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беру қажет", - делінген хабарламада.
Қызметті алу үшін:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп,"Кеден және салықтар" бөліміне өтіңіз;
- тізімнен "Экономика және қаржы" бөлімін таңдап, "Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" қызметін таңдаңыз;
- қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;
- көрсетілетін қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.
- Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушы:
- "Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" қызметін таңдаңыз;
- "Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?" деген сұраққа "Иә" деп жауап беріңіз және қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қойыңыз.