Елімізде соңғы жылдары онлайн сауда өте жоғары деңгейде қолданыла бастады. Тіпті сауда және интеграция министрлігі 2020 жылдан бері елдегі электронды сауда көлемі бес есеге ұлғайғанын айтуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтардың шетелдік онлайн дүкендерде жұмсаған қаржысын жариялады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар онлайн саудаға барлығы 3,2 трлн теңге жұмсаған.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, 2020 жылдан бастап еліміздегі электронды сауда көлемі бес есеге ұлғайыпты.

"Алайда бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Десе де жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар", - дейді министр. 

Сондай-ақ, министрлік Қазақстандағы онлай сауда көрсеткішін 2029 жылға қарай үш есеге ұлғайтуды және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.