Елімізде несие төлеу шарты жеңілдеуі мүмкін. Жаңа ереже құжаты  «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. Онда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк алдындағы қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізгені айтылады. Яғни, жобада әртүрлі кредиторда екі және одан да көп тұтынушылық кепілсіз кредиті бар азаматтар үшін мерзімі өткен берешекті қайта қарау тетігін енгізу көзделген.

«Әртүрлі кредиторда бірнеше мерзімі өткен кепілсіз кредиті бар азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдету мақсатында, берешекті біріктіру және ұзағырақ әрі икемді төлем кестесі арқылы ұжымдық қайта құрылымдау тетігі енгізіледі. Бұл борышкер азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға және қаржылық тұрақтылық деңгейін арттыруға ықпал етеді», — делінген құжатта.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан экономикасындағы кредиттің 54%-ы халықтың мойнында екен. Бұл 23,6 трлн теңге.