Елімізге келуші шетелдіктердің саны артқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Комитет төрағасының сөзіне сүйенсек, биыл елімізге 3 млн-ға жуық шетелдік келуі ықтимал. Ал былтыр елімізге 15 млн-нан астам шетелдік кіріп шыққан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн-ға артық.

"Биыл Қазақстанға 2 млн 800 мың шетелдіктің кіруі белгіленді. Келушілердің 40 пайызын өзбекстандықтар құрайды. Екінші орында - Қырғызстан азаматтары, одан кейін - Ресей азаматтары", - дейді ол Орталық коммникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, елімізге келген шетелдіктердің барлығы қалмайды. Көбі қайта шығады немесе транзитпен өтеді. Жалпы тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің саны 200 мыңға жуық, олардың 50 мыңы – қандастарымыз, 87 мыңы - Ресей азаматтары, 49 мыңы - Өзбекстан және 11 мыңы - Қырғызстан азаматтары. Көпшілігі Астана мен Алматы қаларында және Алматы мен Қарағанды облыстарында тұрып жатыр.