Алматының Орталық стадионында 21 қазан сағат 21:45-те алматылық "Қайрат" пен "Пафос" командалары арасында матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының аясында өтетін ойынға билеттер бір апта бұрын сатылымға шықса да, жартысынан азы сатылған. Билет бағасы 30-250 мың теңге аралығында сатылып жатыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
«Реал Мадрид» командасымен ойында билеттердің бағасы 250 мыңнан 30 мыңға дейін болды. «Пафосқа» қарсы матч алдында да билеттер бағасы осы аралықта қалған. Тек 30 мыңдық және 75 мыңдық сектор мен орындар саны көбейген.
Алматы қаласы спорт басқармасының мәліметінше, ойын күні стадион маңындағы көлік қозғалысы айтарлықтай шектеледі.
Ал матч уақытында Абай даңғылында, сондай-ақ Байтұрсынов, Сәтбаев және Шевченко көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Одан бөлек жанкүйерлер үшін ойын аяқталғаннан кейін 6 бағыт бойынша 60 қосымша автобус қатынайды:
— Орталық стадион — «Алматы Арена» (тақтайша A1, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт);
— Орталық стадион — Райымбек / Алатау (тақтайша A2, жөнелту — Абай даңғылы, батыс бағыт);
— Орталық стадион — Алматы-1 теміржол вокзалы (тақтайша A3, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, солтүстік бағыт);
— Орталық стадион — «Орбита» шағын ауданы (тақтайша A4, жөнелту — Байтұрсынов көшесі, оңтүстік бағыт);
— Орталық стадион — «Жұлдыз» шағын ауданы (тақтайша A5, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт);
— Орталық стадион — әуежай (тақтайша A6, жөнелту — Абай даңғылы, шығыс бағыт).
