Қайтыс болған адамның зейнетақы қорындағы қаражатын мұрагерлік алуға кімдер құқылы. Жалпы ақшаны алуға бола ма? ҚазАқпарат осы сауалдар жауап іздеп көрген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Бүгінде адам қайтыс болса оның банк алдындағы берешегі, несиесі автоматты түрде “мұра” болып қалады. Осылайша қарызды оның туыстары төлеуге міндеттеледі. Десе де ол адамның зейнетақы қорында жинағы болса, оны сол туыстары ала ала ма? БЖЗҚ жауабына сүйенсек, жеке зейнетақы шоттарындағы ақша салымшының меншігі және салымшы қайтыс болғаннан кейін де БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады. Тиісінше, олар мұраға қалдырылады. ҚР Әлеуметтік кодексінің 40-бабының 1-тармағы бойынша міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын өсиет етуге құқылы. Өсиет болмаған кезде мұрагерлік заң бойынша күшіне енеді. 

Яғни қайтыс болған салымшының заңды мұрагерлері алты айдың ішінде жергілікті нотариуске бару керек.

“ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагер төлемдерді алу үшін мұра ашылған жер (салымшының қайтыс болған мекенжайы – ред.) бойынша нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беруі тиіс. Мұны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн. Нотариустар «Е-нотариат» жүйесі арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді онлайн режимде сұрата алады. Заңды мұрагерлер нотариуста ресімделген мұра құжаттарын алып БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне жүгінеді. Жеке өтінішпен жүгіну мүмкіндігі болмаса, нотариус арқылы сенім білдірілген тұлғадан немесе поштамен жіберуге болады”, - делінген министрлік мәліметінде.

Тағы бір басты айта кетерлік жайт, салымшының отбасы мүшелеріне марқұмның жеке зейнетақы шотынан жерлеу рәсімдерінің шығыны ретінде 94 айлық есептік көрсеткіш (347 048 теңге – ред.) мөлшерінде біржолғы төлем жүргізіледі. Бұл төлемнен кейін шотта қалған ақша ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, ол қалдық та марқұмның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлем ретінде беріледі.

Ұлттық заңнамада мұрагерлік рәсімдеу қайтыс болған адамның активіне иелік етумен бірге мойнындағы қарыз міндеттемелерін де арқалауға міндеттейді. Яғни, артында қалған несиесін өтеуден баста тартып, зейнетақы шотындағы ақшасын алу мүмкін емес. Марқұмның банк пен қаржы ұйымы алдындағы борышын өтеуден бас тартсаңыз, атындағы мүліктерді иелену құқығынан да бас тартуыңыз керек.