Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Мемлекет басшысына Қордың биылғы 8 айда атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде баяндады. Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелерін таныстырды. Әрі қорға қарасты компаниялар тобының маңызды жобаларын жүзеге асыру барысы жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда:

  • жыл соңына дейін алты ірі жобаны, атап айтқанда Астрахан – Маңғышлақ су құбырын реконструкциялау;
  • «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендеріне газ құбырын тарту;
  • Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының 2-ші желісін және Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырының лупингін салу;
  • Бірінші ГРЭС-тің 1-ші блогын қалпына келтіру;
  • Еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қарасты батыс аймағындағы электр желілерін күшейту жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысына Қор активтерін жекешелендіру жоспарының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорына қарасты бейінді емес активтерді жекешелендіру және компанияларға халықтық IPO өткізу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.