Елімізде қаңтар айынан бастап балаларды қолдау жобасы басталады. Соның аясында 18 жасқа дейін Ұлттық қорға түскен қаржыдан белгілі бір мөлшерде әр балаға есепшот ашылып, ақша аударылып тұрады. Бүгін осы жылдар кезеңінде қанша қаржы жиналатыны белгілі болды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов 18 жасқа толған баланың есепшотында қанша ақша жиналатынын айтты. Сөзінше Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы есепшотына аударылады.Қазіргі кезде жылдық инвестициялық табыстың орташа мөлшері 5-6 процентті құрайды.

"Биыл жарты жылдың ішінде кіріс шамамен 5 проценттен асып тұр. Соның арқасында шығынның бір бөлігі өтелді. Алдағы уақытта осы оң динамика сақталады деп сенемін. Біздің есебіміз бойынша балалардың есепшотында 18 жасқа дейін 3,5 мың доллар (қазіргі курспен 1 668 730 теңге) жиналады", - деді Баймағамбетов сенат отырысында.

Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Себебі ұлттық банк оны бала 18 жасқа дейін толғанша инвестициялап отырады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.