Елімізде 25 мамырдан бастап заңсыз әкелінген, саудаланған ұялы телефондар бұғатталады. Ал бұл жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мобильді құрылғылардың верификациясын қалай тексеруге болатынын жариялады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Министрлік дерегіне сүйенсек, eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы ұялы телефонды тексеруге болады. Сондай-ақ нақты құрылғыға байланған нөмірлердің санын білуге мүмкіндік бар. IMEI-код тіркелген құрылғылар базасында бар болса, жүйе оның желіде тіркелгені туралы хабарлайды.

eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті пайдалану тәртібі:

  • eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту керек;
  • басты беттегі "Танымал қызметтер" бөлімінен "Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру" сервисін таңдау қажет;
  • жеке деректерге қол жеткізуге рұқсат беру керек;
  • тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу қажет.

www.gov.kz порталында қызметті пайдалану тәртібі:

  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтына өту;
  • "Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру" сервисіне сілтеме немесе баннер арқылы кіру;
  • тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.
  • imei.rfs.gov.kz порталында қызметті пайдалану тәртібі:
  • rfs.gov.kz сайтына өту;
  • тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.

Бұдан бөлек, ЖСН арқылы тексеру функциясы да қолжетімді. Сондай-ақ IMEI-код бойынша абонентті тексеру сервисі бар, ол белгілі бір құрылғыны қанша абоненттік нөмір қолданғаны жөнінде ақпарат береді.