Әлемдік жалақы деңгейінің рейтингісі жасалды. Қазақстан 97 елдің ішінде 67-ші орында тұр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Әлем мемлекеттеріндегі орташа жалақы деңгейі бойынша рейтінг жарияланды. Numbeo статистикалық платформасының сарапшылары соңғы 12 айдағы орташа айлық жалақы туралы мәліметтерге негізделген рейтинг құрастырған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте жаңартылған соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан рейтингте Таиланд пен Ресейдің ортасында, 67-ші орында тұр. Numbeo біздің елдегі орташа айлық жалақы 279 491 теңгені (шамамен 582 АҚШ доллары) құрады деп мәлімдейді. Ресейдің көрсеткіші де бізге қарайлас, 268 205 теңгеге тең.
Бір қызығы, 2024 жылдың тамыз айының басында ҚР Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың екінші тоқсанында республика бойынша номиналды жалақының орташа мәні 403 251 теңгені құрады деп мәлімдеді. Бұл рейтингте көрсетілген сомадан әлдеқайда көп.
Әлемдік жалақы рейтингінде біздің ел Ресей, Беларусь, Грузия, Өзбекстанды басып озған. Орталық Азияның басқа елдерінен рейтингке тек көршілес Өзбекстан ғана кіріпті. Ол 76-шы орында, жалақы мөлшері — 210 734 теңге (439 доллар).
Жалпы орташа жалақы рейтінгісінде көшті Швейцария бастап тұр. Онда айлық деңгейі 3 миллион 460 мың теңгені құраған. Мұнан кейін 2 миллион 900 мыңмен Люксембург, ал үздік үштікті 2 миллион 180 мың жалақымен АҚШ түйіндепті.