Алматыдағы ақылы автотұрақтар қайта іске қосылады. Алдымен Медеу ауданы, осылайша жыл соңына дейін өзге нүктелердегі тұрақтар толықтай жұмысын жалғастырмақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қаладағы ақылы автотұрақтар 11-ші қыркүйектен бастап іске қосылады. Алдымен Медеу ауданы қамтылмақ. Мұнан кейін өзге аудандардағы тратуар түріндегі тұрақтар өз жұмысын бастайды.
Автотұрақтар 2023 жылғы 15 шілдеден 2023 жылғы 11 қыркүйекке дейін тегін болды. Өйткені ақылы автотұрақтың жаңа бірыңғай операторы "Алматы паркинг" бағдарламасы қосылмаған еді. Осылайша Медеу ауданында жаңартылған ақпараттық тақтайшалар бойынша барлығы 12 тұрақ аймағы жұмыс істейді. Оның 4828 тротуар тұрағы, 360 мүгедектерге арналған орын. Ақылы автотұрақтың жұмыс режимі - күн сайын сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін. Бір сағаттың құны – 100 теңге.
Тек "Көк базар" маңындағы №6547 тұрақ аймағының тарифі - сағатына 150 теңге болмақ.
Алматы қалалық мобилділік басқармасы дерегіне сүйенсек, жаңа ақпараттық тақталарда оператор, аймақ нөмірі, тұрақ уақыты және төлем әдістері көрсетіледі.
Жалпы жыл аяғына дейін қаланың қалған аудандарын қосу жоспарланып отыр. Яғни:
Алмалы - 9 қазан,
Бостандық - 23 қазан,
Түрксіб және Жетісу - 6 қараша,
Әуезов, Алатау, Наурызбай аудандары - 2023 жылғы 25 желтоқсанға дейін.
Автотұрақтарға қызмет көрсету бойынша барлық өкілеттік Алматы әкімдігіне, Алматы қалалық мобилділік басқармасының "Алматы паркинг" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына берілді.