Оңтүстік шаһар Алматыда жаңа «Алматы-3» теміржол вокзалын салу жобасы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта нысанның Боралдай – Аңсеңгір аралығындағы техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қалалық мобильділік басқармасының агенттіктің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, бұл жұмыстарды 2025 жылғы 31 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
"Боралдай – Ақсеңгір аралығында жолаушы және жүк қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Алматы-3» вокзалын салу жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2025 жылғы 31 қазан (сараптамадан өтусіз)," – делінген жауапта.
Құрылыс жұмыстарының басталуы мен барлық кезеңінің аяқталу мерзімі техникалық-экономикалық негіздеме дайын болған соң белгілі болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта нақты құны мен қаржыландыру көзі анықталған жоқ. Жоба аясында қоршаған ортаға әсерін бағалау бөлімі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған.
Қалалық мобильділік басқармасы дерегінше жоба шеңберінде көліктік торап ұйымдастырылып, оған қалааралық және қалалық автобустар аялдамалары, LRT, жеке көліктер мен такси тұрағы кіреді. Әрі «Алматы-3» вокзалының құрылысы мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Болжам бойынша, жаңа вокзалдан қатынайтын жолаушылар саны 2027 жылы шамамен 1,12 млн адамға жетеді, ал 2040 жылға қарай 1,97 млн адамға дейін өседі. Бұдан бөлек, жүк айналымы 2030 жылға қарай жылына 620 мың тоннаға жетуі мүмкін.
Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу жоспары алғаш рет 2021 жылы айтыла бастаған еді. 2024 жылдың басында Алматы әкімдігі жаңа теміржол платформасы үшін жер учаскесі «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның магистральдық желісінде орналасқанын хабарлаған. Жоба Мәдениет шағын ауданының маңында жүзеге асырылып, платформаны «Қазақстан темір жолы» өз күшімен салатыны айтылған. Сол кезде жаңа вокзалдың 2026-2027 жылдары пайдалануға берілуі жоспарланған еді.