Алматыдағы Тау-Самал шағын ауданында лай көшкіні жүрді. Салдарынан 4 адам көз жұмған, оның 2-і бала, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Төтенше жағдайлар министрлігі дерегіне сүйенсек, апат туралы ақпарат түнгі сағат 2:20-лар шамасында түскен. 

Оқиға орнына дереу Қазселденқорғаудың, Алматы қ. 109 құтқару қызметінің, Республикалық жедел-құтқару жасағының, Алматы қ. ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына келген кезде сырғыма салдарынан екі үйге зақым келгені анықталған. 

Сағат 10:00 шамасында жылжыма түскен жерде жедел штаб құрылып, жеке тұрғын үйді балшық массасынан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары қарқын алды. Апат салдарын жоюға 182 маман мен 32 техника жұмылдырылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеді. 

"Техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан, көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма көшкен.  Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған", - делінген ақпаратта. 

Көп ұзамай олардың денесі өлі күйінде табылды. Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты.

Ал жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.