Алматы облысында Alatau Hub ашылмақ. Бұл өңірдегі IT-индустрияны дамытудың жаңа кезеңіне серпін береді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Alatau Hub-тың ашылатыны туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Алатау қаласының тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Сөзінше жақын арада хабта ойын әзірлеу және дизайн негіздері бойынша білім беру курстарын өткізу жоспарда. Сондай-ақ компьютерлік сауаттылық, цифрлық маркетинг және электрондық коммерция бойынша арнайы курстардың бірлескен бағдарламасын іске қосу көзделген.

Осы ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев жаңа қала тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету саласы мен корпорацияның қызметі туралы айтып берді.

Қазір Алматы облысында 11 ХҚКО жұмыс істейді, оның ішінде 1 арнайы ХҚКО, 42 өзіне-өзі қызмет көрсету секторы және 32 Мемлекеттік корпорацияның БЭК-офисі бар. Айта кетейік, 2023 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының қызметкерлері 798 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетсе, ағымдағы жылдың 4 айында 295 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен.

"Бүгінгі таңда Алатау қаласы халқының қажеттіліктерін Қазпошта бөлімшесі ішінара жабады, онда 27 қызмет түрі көрсетіледі. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында әкімдікпен бірлесіп Алатау қаласында ХҚКО бөлімшесін ашу мәселесі пысықталды, онда азаматтар мемлекеттік қызметтердің барлық түрлерін ала алады", — деді Арман Кенжеғалиев.

Сонымен қатар, кездесуде телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов ұялы байланыс пен интернетті дамыту жоспарларымен де бөлісті. Облыста 384 елді мекен бар, оның ішінде 319 ауыл 4G-ге қосылған.

"Министрлік Алматы облысының әкімдігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп 2023-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернет сапасын жақсарту бойынша Жол картасын әзірлеп, қол қойды. Сондай — ақ, шекаралас 52 ауылда ұялы байланыс пен Интернеттің сапасын жақсартуға ниетті", — дейді Ержан Мейрамов.