Еліміздің бар өңірінде дабыл сиреналары іске қосылады. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл ескерту дабылын 6 ақпан күні таңғы уақытта ойнайтынын мәлімдеуде, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

"Баршаның назарына!" дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 2025 жылғы 6 ақпанда, сағат 11.00-де барлық дыбыстық электр дабылы қосылады. Осыған орай тыныштық сақтауларыңызды және үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 6-7 ақпанда еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың 1-ші кезеңі өтеді.

Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Атырауда орналасады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында профилактикалық іс-шаралар кешені өткізіледі.