Алматылық "Қайрат" футбол клубы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алғаннан кейін елімізге карольдік клуб Реал Мадрид келетін болды. Тіпті алғашқы ойын 30 қыркүйекке белгіленіп отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
"Қайрат" футбол клубы "Селтик" командасының әлсіз тұсын пенальти кезеңінде тапқаннан кейін Чемпиондар лигасының негізгі туында өнер көрсетеді. Жеребе тартылды. Футболшыларымызды әлемдік ірі клубтармен ойын күтіп отыр. Алғашқы кездесу карольдік клуб Реал Мадридпен Алматының Орталық стадионында өтеді.
Десе де, бүгінде әлеуметтік желіде бұл ойынға билеттердің сатылымға шығып кеткені, бағасының тым жоғары болуы халықты әбден сарсаңға салды. Осы олқылықтың шын-өтірігіне қатысты алматылық клуб ресми мәлімдеме жасады. Онда ойынға қатысты билеттердің әлі сатылымға шықпағанын кесіп айтты.
"Әлеуметтік желілерде таралып жатқан «Қайрат» — «Реал Мадрид» УЕФА Чемпиондар лигасы матчының билетін сату немесе алдын ала брондау жайлы ақпарат — шындыққа жанаспайтын, жаңсақ хабарлама. Билетке қатысты жалғыз ресми дереккөздер — клубтың ресми сайты мен «Қайрат» ФК-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары. Қазіргі уақытта билеттің сатылымға шығу күні мен бағасы бекітілген жоқ. Жанкүйерлерден бөгде хабарландыруларға сенбеулерін және билетті бейресми арналар арқылы сатып алмауларын қатаң түрде сұраймыз", — делінген клубтың хабарламасында.
Сонымен қатар, футбол клубы өзінің instagram-дағы парақшасында нақты ойындар кестесін жариялаған.
18.09 – «Спортинг» (қонақта)
30.09 – «Реал Мадрид» (өз алаңында)
21.10 – «Пафос» (өз алаңында)
05.11 – «Интер» (қонақта)
26.11 – «Копенгаген» (қонақта)
09.12 – «Олимпиакос» (өз алаңында)
20.01 – «Брюгге» (өз алаңында)
28.01 – «Арсенал» (қонақта)
Айта кетейік, Реал Мадридпен кездесу 30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында өтеді. Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 21:45-те басталады.