Биыл жоғары оқу орындары арасында барлығы 89 457 мемлекеттік грант таратылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл білім беру гранттары қай мамандықтарға көп бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 
 
Спутниктің жазуынша, қазіргі кезде мемлекеттік тапсырыс ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамы бойынша үйлестіріледі. Оған сәйкес, Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады. Соның ішінде инженерлік кадрлар (530 мың), педагогтар (185 мың) және өзге салалардың мамандары (168 мың) бар.
"Сондықтан гранттарды бөлуде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілді. Гранттардың 60 проценті инженерлік-техникалық, ИТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды", - деді Нұрбек үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал гранттардың 21 проценті педагогикалық кадрларды даярлауға бөлініп отыр.
 
Айта кетері, биыл жоғары оқу орындары арасында барлығы 89 457 мемлекеттік грант ( бакалавриат - 75 371 грант, магистратура - 11 007 грант, докторантура -3 079 грант) таратылады.