Бүгін - Қазақ киносының туған күні. Осыдан 87 жыл бұрын ең алғашқы қазақ дыбыстық фильмі “Амангелді” фильмі түсірілген еді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Агенттік мәліметіне сүйенсек, ең алғашқы қазақ фильмінің киносценариін қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазған. «Амангелді» көркем фильмі қазақ киносының тарихынан сүбелі орын алады.
Ақиқатында сценарий жазуға Бейімбет Майлин де атсалысқан еді. Сол жылдардағы кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен Алаш арысының есімі титрден алынып тасталған. Қоюшы режиссеры - Мойсей Левин, операторы - Хечо Назарьянц.
Фильмге қазақтың ұлы актерлері түсті. Басты рөлді, яғни Амангелді бейнесін театр актеры Елубай Өмірзақов сомдаса, одан бөлек Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Рахметулла Салменов сияқты әртістер фильмге қатысады.
Ал Алматы киностудиясы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен 1941 жылдың 12 қыркүйек күні құрылған. Ол 1960 жылы атауы «Қазақфильм» киностудиясы деп өзгертіліп, 1984 жылы оған қазақ кинематографиясының кемеңгер қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Соған сәйкес, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні ретінде аталып келеді.