Қала сыртындағы тасжолдарда жылдамдық режимін тексеру үшін аппараттық кешен іске қосылады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Медиа-портал дерегіне сүйенсек, 25 тамыз сағат 00:00-ден бастап “ZEREK-2” кешені штаттық режимде жұмыс атқаратын болады. Мұндай шешім жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында іске асырылмақ. Жолдағы камераларды ІІМ Автомобиль жолдары комитеті “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-мен бірлесіп қосып отыр. Осылайша тасжолдарда жылдамдық бақылайтын “ZEREK-2” бағдарламалық-аппараттық кешені орналасады. 

“Бүгінгі таңда “ZEREK-2” Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қонаев – Талдықорған және Астана – Павлодар автожолдарында жұмыс атқаруға дайын. Осындай бағдарламалық кешен Көкшетау – Астана тасжолында бұрын іске қосылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр”, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова. 

Жалпы жеті айда еліміздің жолдарында жеті мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Оның ішінде жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 300-ден астам адам қаза тауып, 1200-ден астам адам зардап шекті.