Елімізде электровелосипедтерді де тіркеу міндеттелді. Алматы полициясы қазірдің өзінде қуаты 250 ваттан асатын және сағатына 25 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүретін электровелосипедтердің міндетті түрде тіркелуі керек екенін ескертуде, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.

Полиция мәлімдеуінше, мұндай санаттағы электровелосипедтер заң бойынша мопед санатына жатады. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды. 

Алматы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде кейінгі жылдары электровелосипедшілер саны едәуір артқанын айтты. Алайда бұл қала тұрғындарына ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыда таза көлік болғанымен, оны пайдаланар кезде заң талаптары ескеріле бермейді.

Тіркеу қалай жүргізіледі?

Қазіргі үлгідегі көптеген электровелосипед сағатына 40-45 шақырымға дейін жылдамдық алып, қуаты 400 ваттан асатын қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл қарапайым велосипед емес, заң бойынша мопед ретінде тіркелуі қажет.

Тіркеу рәсімі мыналарды қамтиды:

• техникалық паспорт алу;

• мемлекеттік тіркеу нөмірін беру;

• сақтандыру полисін рәсімдеу;

• жүргізушінің «А» санатындағы куәлігінің болуы.

Бұл үшін иесі арнайы автоХҚО-ға жүгінуге тиіс. Онда көлік құралы тексеріліп, VIN-код беріледі және нөмірлік белгі рәсімделеді. Барлық қызмет қолданыстағы заңнама аясында көрсетіледі. Айдын Меркімбаевтың айтуынша, процедура мопедті тіркеумен бірдей.

Айыппұл мен жауапкершілік

Тіркелмеген электровелосипедті айдағандарға 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ көлік айыптұраққа қойылады.

Айдын Меркімбаевтың сөзінше, тіркелмеген электровелосипедтер жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіреді. Мұндай көліктерді ұрлық немесе апат кезінде бақылау қиын, ал жол-көлік оқиғасының барлық салдары жүргізушінің өз мойнында.

Жол апаты статистикасы

Полицияның дерегінше, жыл басынан бері Алматыда мопедтер 534 рет жол апатына ұшыраған.

10 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 700 көлік айыптұраққа қойылыпты. Электросамокат пен электровелосипедтің иелері 12 мыңға жуық құқықбұзушылық жасаған.