Алматы қаласында жыл басынан бері 19 778 жұп заңды некеге тұрған. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясынан мәліметіне сүйенсек, биыл ел бойынша оңтүстік шаһар неке саны бойынша көш бастады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Жалпы қала бойынша аудандық АХАТ бөлімдерінде күніне 160-қа жуық жұп некесін қидырып заңдастырады екен. Некеге өтініш берген жұптардың орташа жасы ерлер үшін 27 жас, әйелдер үшін 25 жас.

“ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 10-бабына сәйкес, неке жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленген. Десе де заң ортақ бала болғанда немесе жүктілік кезінде бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді”, – дейді Әуезов аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Гүлзия Баимбетова.

Сондай-ақ, Алматыда ажырасуға өтініш бергендердің де саны азаймай отыр. Жыл басынан бері 4429 жұп некесін бұзған. Әдетте АХАТ қызметкерлері ерлі-зайыптыларға ажыраспас бұрын 1 ай уақыт беретінін еске салды.

“Көбіне ажырасуға өтінішті жастар беріп жатады. Ондай кезде барынша некені сақтап қалуға тырысамыз, ойлануға уақыт береміз. Өтініш берген 10 жұптың, 3-4 жұбы қайтып келмейді. Ол да біздің жұмысымыздың жемісі деп есептейміз”, – деп атап өтті АХАТ қызметкерлері.

Естеріңізге салса кетейік, неке қию туралы өтініш 15 күнтізбелік күн бұрын берілу керек. Аталмыш қызмет электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы онлайн режимінде қолжетімді. Жас жұбайлар АХАТ бөлімінде некелерін салтанатты түрде қиятын болса, қосымша қызметке тапсырыс бере алады.